Қазақстандағы жастар саясаты күрделі жаңғыртуды талап етеді. Бұл туралы парламенттік тыңдау барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді. Ол шұғыл, жүйелі және кешенді шешімдерді қажет ететін бірнеше өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді атады. Соның бірі – түлектерді мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру. Жастар арасындағы ресми жұмыссыздық деңгейі салыстырмалы түрде аса көп емес, бірақ тәуелсіз ұйымдардың балама зерттеулерінің нәтижесі басқаша.
Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы:
– 25-29 жас тобында респонденттердің 12%-ке жуығының әлі тұрақты жұмысы жоқ. Жоғары білімі бар қазақстандық жастардың 40%-тен астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жұмыс орындарын құруға және жастар тәжірибесіне жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы сұрақтар туындайды. Аймақтық дамудағы теңсіздік, сондай-ақ, ауылдан қалаға көшу жастардың жұмыссыздығын арттырады.