Сенаторлар Білім және ғылым министрлігін екіге бөлуге қатысты пікір білдірді

Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы Еліміздің Білім және ғылым министрлігін екіге бөлу дұрыс шешім болады деп есептейді. Оның айтуынша, бүгінде бір министрлік 200-ден аса түрлі функцияны орындап келеді. Қазақстанда мыңдаған балабақша, мектеп, колледж және жоғары оқу орындары бар. Оған қоса ғылым саласы да қалыс қалмауы тиіс, дейді сенатор. Айта кетейік, ел Президенті Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда Білім және ғылым министрлігін екіге бөлу туралы ұсыныс жасаған еді. 

Мұрат Бахтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:

– Қазіргі ең тиімді тәсіл – «Ағарту» министрлігі. Оған балабақшалар мен орта мектептерді және колледждерді беруге болады. Ғылым және Жоғарғы оқу орындарын дамыту министрлігі деп құрса, онда білім өз саласына бөлек кетеді да ғарату саласы, ал ғылым мен жоғары оқу орын бірге. Бұрын Совет одағы кезінде болған дүние ғой. Жаңадан ойлап тауып жатқан жоқпыз. Біз былтыр айтқанбыз. Енді жеткен болуы керек. Былтыр көтергенбіз бұл мәселені.

Сондай-ақ, сенатор үштілділік бағдарламасын бастауыш сыныптың балаларынан алып тастау немесе оның жолдарын оңтайландыру керек дейді. Оның айтуынша, 4 сыныпқа дейін қазақстандық оқушылар қазақ тілінде ғана білім алып,  жоғары сыныптан бастап шет тілдерін тереңдетіп оқыса болады.

Мұрат Бахтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:

– Парламент депутаты ретіндегі жеке пікірім Орыс тілі шетел тілі ретінде кетуі керек. Бізде шетел тілі деген бар ғой?! Мысалы орыс әдебиеті деген бар. Неге біз орыс әдебиетін бөлектеп аламыз?! Мысалы бізде шетел әдебиеті бар және орыс әдебиеті бар бөлек. Ресей біз үшін шетел мемлекеті. Сондықтанда бала таңдап, ол орыс әдебиетін таңдай ма, ағылшын әдебиетін таңдай ма, парсы әдебиетін таңдай ма оны баланың өзі шешуі керек.

Қазақстанда бүгінде 10 898 балабақша,  7 550 мектеп, 820 колледж және 120 жоғары оқу орыны бар. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын жүзеге асыратын 386 кәсіпорын жұмыс істейді.

 

Авторы: Ақзер Сегізбай