Қасым-Жомарт
Тоқаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары Qarmet металлургиялық комбинатын
аралап көруден басталды. Комбинаттың
өндірістік қуаты жылына 5 миллион тонна болат өндіруге қауқарлы. Былтыр кәсіпорын 3 миллион тоннаға жуық дайын өнім шығарған. Оның
2 миллионнан астамы экспортқа шығарылды. Президент шойын
балқытатын домна пешінің, конвертор цехының және металл әзірлемелерін үздіксіз
құю машинасының жұмысымен танысты. Жалпы, қазір кәсіпорында 3 жарым млрд
долларға жобалар іске асырылуда.
Вадим
Басин, «Qarmet» АҚ бас
директоры:
- Біз «5-9-5» бағдарламасын
іске асыруды жоспарлап отырмыз, бұл 5 миллион тонна темір рудасы концентраты, 9
миллион тонна көмір және 5 миллион тонна болат. Осының барлығы 2023-2028 жылдар
аралығында қолға алынады.
Qarmet-те ауқымды жаңғырту және
жөндеу жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысы өнеркәсіптік қауіпсіздік
саласындағы жоғары сапа стандарттарын сақтаудың және комбинатты табиғи газға
көшірудің маңыздылығын атап өтті. Бұл бастапқы кезеңде қоршаған ортаға келетін
зиянды 30%-ке төмендетуге мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
- Біз отандық инвесторды
шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы
жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге
болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып,
әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып
кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен
танысып тұрамын. Менің ойымша,
біз алдыңғы қатарға шығамыз.
Мемлекет басшысы диспетчерлік-талдау орталығында болды. Бұл жерде барлық
шахталардың жағдайы үздіксіз бақыланады, газ деңгейі талданады және бейне
байланыс арқылы кеншілердің жұмысы үйлестіріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев 620 метр тереңдікте орналасқан «Саран» шахтасының
кеншілерімен бейнебайланыс арқылы сөйлесті:
- Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізге біздің кеншілер атынан көп
рақмет айтамыз. Ең бастысы бізде техникалық қауіпсіздік болғандықтан, адам
өмірімен қатар, бізде мемлекеттік инвестордың арқасында көп нәрселер жақсарды.
Одан кейін, Мемлекет басшысы
Креативті технологиялар орталығында болды. Мұнда жастарды шығармашылық тұрғыдан
іске асыруға барлық жағдай жасалған. Орталықта роботты техника,
автомодельдеу, дрондар үйірмелері, бағдарламалау,
журналистика мектептері жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына
жұмыс сапарының бағдарламасы жақында ашылған «Кәусар» Оқушылар сарайының
қызметімен танысумен жалғасты. Мұнда үйірмелер мен секцияларға бір жарым мыңнан
астам бала қатысады. Hi-Tech цехы, шығармашылық шеберхана,
хореография залы, STEM-зертхана, экологиялық орталық, спорт және
ойын алаңдары ашылды.