Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай
тізілімі жасалады. Ол қазір қолданыста жүрген үш бірдей CT-KZ, экспорттық және индустриалдық сертификаттарды алмастырмақ. Бұл ең
алдымен жергілікті кәсіпкерлер шығаратын өнімді сәйкестендіруге мүмкіндік
береді, сондай-ақ бизнеске мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін
арттырады. Осылайша, отандық тауар өндірушілер туралы өзекті ақпаратқа қол
жеткізудің бірегей негізін қалайды. Өнімдердің шығарылған елін айқындау
мәселелері жөніндегі заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады.
Депутаттардың айтуынша, кәсіпкерлер тізілімге кіру үшін жеке кабинеті арқылы
өтініш бере алады. Ал, көшпелі комиссия олардың өндірісін сандық тұрғыда тексеріп,
бағалайды. Ол топқа өнеркәсіп министрлігінің, салалық
мемлекеттік органдар мен қауымдастықтардың өкілдері кіреді. Жалпы, аталған бірыңғай
тізілім елдегі өндіріс өсімін ынталандыруға бағытталған.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты:
- Бұл Қазақстан
Президентінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік қаржы мен түрлі қолдау шараларын
тиімді пайдалану қамы. Сондықтан да осы мақсатта отандық таурөндірушілердің
бірыңғай тізілімі жасалады. Оның жұмысы арнайы заңмен реттеледі. Құжатта
жауапты уәкілетті орган, өтінім беру ережелері сынды барлық қажетті тұстары
толықтай қамтылған. Жалпы қазіргі таңда елімізде 57 мыңға тарта тауарөндіруші
тіркелген.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

