Қазақстанда мультфильмдер апталығы басталды. Астана мен
Қарағанды кинотеатрларында отандық анимация көрсетілімдері ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, елордадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта және Семей, Отар,
Сарыөзек пен Алматы қалаларындағы әскери гарнизондарда көрсетілім өтеді. Түрлі
жастағы көрермен толық және қысқа метражды фильмдерді, сериалдар мен
эксклюзивті премьераларды тамашалайды. Бағдарламада «Қазақфильмнің» алтын қоры
мен Киноны қолдау орталығы ұсынған «Алтын Адам», «Қошқар мен теке» және «Кенже қыз»
фильмдері бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрсетілімдер циклінің мақсаты -
мемлекеттік тілдегі сапалы контентті ілгерілету және көрермендер аудиториясын
кеңейту. Сондай-ақ, мұндай бастамалар еліміздің мәдени индустриясын кеңінен
дамытуда маңызды рөл атқарады. Яғни, отандық авторларды барынша қолдауға және
балалар мен жасөспірімдердің қазақстандық мультфильмдерге тұрақты қызығушылығын
қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айнұр Исаева, «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің продюсері:
- Біздің қазақстандық анимация саласы жылдам дамып
келеді деп сеніммен айта аламын, мұны тіпті, өткен жылғы жобалармен салыстыра
отырып байқауға болады. Дәл осы жерде жас аниматорлар өздерінің жобаларын
көрсетіп, өз қарым-қабілетін паш етуге, жаңа шығармашылық бастамаларын таныстыруға
мүмкіндік алды. Жыл сайын 10-ға жуық жас режиссер мен аниматор қаржыландыруға
қол жеткізеді.

