Көлік министрлігі
Таяу Шығыстан азаматтарды елге жеткізу шараларын талқылады. Құзырлы мекемеде
Жедел штаб отырысы өтті. Қазіргі уақытта Иран, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері,
Бахрейн, Кувейт, Иордания, Сауд Арабиясы, Қатар, Оман, Ирак және Ливанның әуе
кеңістігі жабық немесе тұрақсыз жағдайда. Әуе кеңістігі ашылған жағдайда
отандық әуе компаниялары ұшақтарын ұсынып, кері рейстерді орындауға дайын
екенін мәлімдеді. Эвакуация мәселесі Көлік министрлігі және Сыртқы істер
министрлігінің бақылауында. Сыртқы істер министрлігі құзыретті мемлекеттік
органдармен және шет мемлекеттердің билік құрылымдарымен тәулік бойы өзара
іс-қимылды қамтамасыз етуде. Қазақстанның шетелдегі мекемелері күшейтілген
жұмыс режиміне көшірілді және отандастарға қажетті консулдық-құқықтық көмек
көрсетілуде. Өңір елдерінде сондай-ақ транзиттік аймақтарда жүрген азаматтардың
тізімдері өзектендірілуде. Шұғыл байланыс желілері ашылды. Дипломатиялық
өкілдіктер қызметкерлері туристік компаниялармен бірлесе, әуежайлар мен
транзиттік аймақтарда жүрген азаматтарды орналастыру мәселелерінде қолдау
көрсетуде. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының азаматтары арасында зардап
шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

