Астанада алғаш рет бір мезетте үш ат спорты түрінен халықаралық турнир өтті. Атап айтсақ челлендж финалы, ат үйрету және әлем кубогының кезеңі жарыстары. Соңғысы турнирдің басты тартысы – кедергілер биіктігі 160 см-ге дейін жететін бәсеке. Бұл жарыстар Германияның Ахен қаласында өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңі болып саналады. Додаға Бразилия, Колумбия, Үндістан, Марокко, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка, Мысыр, Эквадор, Ресей, Өзбекстан, Зимбабве елдерінен шабандоздар қатысты. Қазақстан намысын конкур бағытында 11 спортшы қорғады. Қазақстанда халықаралық ат спорты федерациясы қамқорлығымен бірден үш турнир өткізу еліміздің осы бағыттағы әлемдік ұстанымын нығайтудағы маңызды қадам болды.
Әсет Толқымбеков, Олимпиадалық ат спортынан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы:
- Сәуір айында әлем кубогінің екі кезеңі Ташкент қаласында өткен болатын,
кейін мамыр айында әлем кубогының кезеңі Бішкек қаласында өтті. Қазір бізде
Астана қаласында әлемдік кубоктың соңғы 4-ші кезеңі өтіп жатыр. Әрбір ел өз
алаңында дәл осындай маршрутпен ат секіртіп, арнайы келген төрешілер
нәтижелерді тіркеуге алады. Үздік шыққан 20 спортшы финалған жолдама алды.
Бүгінгі сайыста осы іріктеліп келген спортшылар арасынан чемпион анықталады.

