Қазақстанның экспорттық табысы 45%-ке өсті

Сырт елдерге тасымалданған отандық тауарлардан биылдың қаңтар-қазан айларында 71 млрд доллар қаржы түскен. Бұл тек былтырдың сәйкес кезеңінен ғана емес, жалпы соңғы 10 жыл ішінде тіркелмеген көрсеткіш. Бұған жеткізілім көлемінің артуынан бұрын шикізат құнының халықаралық нарықта қымбаттауы әсер еткенге ұқсайды.  Бұл ретте, әдеттегідей қазақстандық мұнайдың үлесі басым. Energyprom.kz. таратқан мәліметке сай, қара алтыннның сатылған мөлшері бұрынғыдай, тек түсім 60%-ке жуық өскен.  Жалпы экспорт көлеміндегі үлесіде осы шамада. Денін еуропа елдері тұтынып жатыр. Қара және түсті металлургия өнімдері де еліміздің негізгі экспорттық тауарлары. Сәйкесінше, түсіміде жақсы. Биыл тағы серпін қоса түсті. Көмірден түскен табыста екі есеге ұлғайған. Алайда, бұл жолы оң динамикаға бағаның өсуі емес, қазақстандық отынға деген әлем бойынша сұраныстың артуы сеп болған. Мәселен, осы жылдан жеткізілім аясы кеңейіп, 12 елден 29 елге дейін жеткізілген. Нәтижесінде, осы елдерге  819 млн долларға бағаланған отандық көмір жіберілді. Жалпы қазақстандық өнімге деген сұранысты қанағаттандыру үшін әлеует жеткілікті дейді, сала мамандары.