Қазақстан сырттан тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша Орталық Азия өңірлері арасында бұрынғыша көш бастап тұр. Осы көрсеткіш бойынша өткен жылы республика басқа мемлекеттердің өңірлерін 46 процентке басып озды. Бұл туралы Үкімет отырысында Сырты істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров хабарлады. Оның айтуынша, инвестициялар көбіне тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне, сауда мен құрылысқа, сондай-ақ қаржылық және сақтандыру қызметіне бағытталған.
Алмас Айдаров, ҚР Сыртқы Істер министрінің орынбасары:
– Соңғы 5 жыл ішінде біздің еліміз 20 млрд доллардан аса инвестиция тартуда. Жалпы 2021 жылы Қазақстанға негізгі инвестициялар ретінде Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай, Бельгия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Түркия және Франция кірді. Франция республикасын қоспағанда басқа елдерде өсім байқалды.
Отырыс барысында инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы ұсынылып, Үкімет мүшелері оны мақұлдады. Ол 2026 жылға дейін есептелген. Аталған уақытқа дейін Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар деңгейі 25,5 миллиард долларға жетеді деп күтілуде. Бұл ретте негізгі мөлшерлеме өңдеуші өнеркәсіпке де жасалған.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
– Мемлекеттік инвестициялық саясат сапалы шетелдік және ішкі инвестицияларды тартуға, экономикалық белсенділікті арттыруға және халықтың табысын ұлғайтуға, оның ішінде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталатын болады. Бүгін ұсынылып отырған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклдің бастауы болуы тиіс. Сондай-ақ, экономиканың шикізаттық емес секторларында инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту керек.