Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұлттық банкінің жылдық есебін қабылдады. Мемлекет басшысы елімізде қолға алынған шаралардың арқасында Қазақстан экономикасының өсімі өткен жылы 4 пайыздан астам болғанын атап өтті.
Онымен қоса Қазақстан Президенті инфляция өсіміне де назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған кешенді шаралардың толыққанды жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекет басшысы Ұлттық қордың жұмысына да арнайы тоқталды. «Республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға сүйенбеуі керек. Трансферттерді біртіндеп азайту қажет», – деді Президент. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, еліміздің қаржы секторының әлеуетін мақсатты түрде күшейту керектігін баса айтты.