Болашақ бүгіннің өзінде! Қазақстанда беделді жобалардың бірі Nobel Fest келесі аптада басталады. Онлайн форматта өтетін шара үш күнге созылады. Оның басты мақсаты – Орталық Азия мен Кавказды әлемдік озық инновациялық бағыттарға интеграциялауға ықпал ету. Ғылыми-білім беру шарасына әлемдік ғылым саласының майталмандары, ғалымдар, бизнес-көшбасшылар мен бастамашылар қатысады. Олардың ішінде Нобель сыйлығының 10 лауреаты және «Серпіліс үшін» сыйлығының 10 лауреаты бар. Олар Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжандағы студияларға барып әлемге ашық хабар таратады. Nobel Fest бағдарламасы қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлеріне жауап беретін негізгі 4 бағытқа бөлінеді: жасыл шынайылық, инновация ғасыры, болашақ мамандықтар және қоғамға арналған экономика. Фестиваль аясында студенттер үшін арнайы онлайн сабақтар өтетінін айта кеткен жөн.
Мақсат Құрбенов, Қазақстандағы инклюзивті даму қорының директоры:
- Тікелей көрсетілім 5 тілде өтеді: қазақ, ағылшын, орыс, өзбек және әзербайжан. Барлығы үш негізгі студия жұмыс істейді. Бұл – Нұр-Сұлтан, Баку және Ташкент қалаларындағы студиялар, сондай-ақ Қазақстан университеттерінде де студиялар жұмыс істейді. Фестивальге барлығы 200 университет, 70 елден 50 мыңға жуық қатысушы қатысады.
Авторы: Ақзер Сегізбай