Қазақстан құрамасы робототехникадан дүниежүзілік чемпионатта үздік атанды

Қазақстанның робототехника құрамасы Сингапур елінде өткен First global Challenge дүниежүзілік чемпионатынан жеңіспен оралды. Намысты қолдан бермеген Алматының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары рекорттық көрсеткішпен 191 ел өкілдерінен басым түсті. Топ жарған отандастарымыз  былтыр Женевада жеңіп алған чемпиондық атағын биыл тағы да растады. Додаға құраманы жатықтырушы  Бекзат Інкәров баптады.  

Бекзат Інкәров, NIS PhM Almaty «техноториялар» зертханасының меңгерушісі:
-Өткен жылы біз дәл осы аталым бойынша бас жүлде гран-при ұтып алған болатынбыз. Ол кезде сәл қобалжығанымыз рас. Бұл жолы біз үлкен дайындықпен келдік. Биылғы сынның қалай өтетінін білген соң тапсырмаларды жақсылап пысықтап алдық. Жаттығулар барысында қандай әрекеттер үшін жоғары бал алуға болатынын анықтадық. Бұған қоса біз өзгелерден екі апта бұрын қызу дайындыққа кірістік. Әлемдік кезеңде  кезігуі мүмкін барлық кіші-гірім тәуекелдерді айналып өтудің жолдарын қарап шықтық. 

Робототехникадан жыл сайынғы Дүниежүзілік тартыстың тақырыбы сутекті отын ретінде пайдаланумен байланысты болды. Мектеп оқушыларына жарыс алаңында сутегі мен оттегі атомдарын сұрыптай алатын құлтемір құрастыру талабы қойылды.

Дәмелі Шаймерденова, NIS PhM Almaty қатысушысы:
-Біз қарсыластардан әлдеқайда көбірек ұпай жинай алдық. Бір алаңда бірден 6 команда жарысқа түстік. Мақсат алаңда шашылған атом іспетті шариктерді жылдам жинау талабы қойылды. Екіншіден оларды көлеміне қарай үлкенінен кішісіне дейін сұрыптау керек болды. Біз осы кезеңде біраз уақыт үнемдей алдық. Себебі республикалық сында да дәл осындай тапсырма берілді. Біз роботымызға арнайы сүзгі функциясын қостық. Бұл шешім жеңіске жетуімізге үлкен сеп болды.