Лондонда өткен Еуразия киносының тәуелсіз фестивалінде қазақстандық авторлар үздік деп танылды. Журналист-жазушы Наталья Махноның «Бифуркация нүктесі» туындысы «Ең үздік сценарий», Ділшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» анимациялық фильмі «Көрермендер көзайымы» аталымдары бойынша марапатталды.
Питер Бланд, қазылар алқасының мүшесі:
– Наталья Махноны жеңісімен құттықтаймыз. Бірнеше жақсы сценарийлер болды, бірақ «Бифуркация нүктесі» шығармасы өзінің шынайылығымен басым түсті. Сценарийге жас қыздың тағдыры және оның махаббат сезімі арқау болған.
Спенсер Хоукен, фестиваль ұйымдастырушысы:
– Қатысушылардың шығармашылығына тәнтіміз. Әсіресе Орталық Азия өкілдерінің. Біз өз кинотеатрларымызда батыстық фильмдерді көп көреміз. Бірақ осындай байқаулар Орталық Азия және посткеңестік елдердің кинотуындыларын тамашалауға зор мүмкіндік береді және бұл өте маңызды.
Еуразиялық шығармашылық гильдиясы ұйымдастырған кинофестиваль биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Оған 11 елдің өкілі қатысып, барлығы жиырма бес туынды ұсынылды. Айта кетейік, жыл сайын байқау әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүздеген талантты режиссер, актер, продюсер, сценарист және мультипликатордың басын қосады.