Қазақстанда «Migration.enbek.kz» порталы жасалды. Ол елге келетін шетелдік азаматтарды есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды көздейді. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін жүйе кезең-кезеңмен ендіріліп жатыр. Сала мамандарының дерегінше, қанатқақты жобаға былтыр 15 қызмет енгізілсе, биыл тағы 3 қызметті іске қосу жоспарланған. Мәселен ағымдағы жылдан бастап ерікті қоныс аударуды мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі қызметтер электрондық форматқа көшірілді. Құжаттарды сандық үлгіде рәсімдеудің арқасында Қазақстан төлқұжатын беру 6 айдан 30 күнге дейін қысқарды. Жалпы сыртқы көші-қон үрдісі оңалып келеді. Мәселен өткен жылы 41 мыңға жуық шетел азаматы Қазақстанға көшіп келсе, басқа елге кеткен қазақстандықтар саны 11 мыңнан асады. Елімізге уақытша келген шетелдіктер де көбейіп отыр.
Аслан Аталықов, ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы:
- Елімізге келетін шетелдіктерге инвестициялық және туристік тартымдылықты арттыру үшін елеулі шаралар қабылданды. Бүгінде 87 елдің азаматтары елімізге визасыз кіре алады. 109 елдің азаматтары электрондық визаны ресімдей алады. Соңғы жылдары елге келуші шетелдіктер саны артуда. Былтыр елімізге 15 млн астам шетелдік кіріп-шықты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн-ға артық. Биыл әзірге Қазақстанға 2,8 млн шетелдіктің кіруі белгіленді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

