Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша жалпыұлттық жоспар Үкімет отырысында мақұлданды. 102 іс-шараны қамтитын құжатта халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін 5 бастаманы және 7 бағытты жүзеге асыру көзделген.
Премьер-Министр Асқар Маминнің атап өтуінше, Үкімет пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың орнықты әрі сапалы өсуін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларын жетілдіру, өңірлерді кешенді дамыту, еңбек нарығының тиімді экожүйесін құру бойынша белсенді іс-шаралар қабылдайды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекет басшысының азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамаларын іске асыру Үкімет жұмысының маңызды бағыты болады. Жалақыны көтеру, жеке сектордың үлесін ұлғайту, салықтық жүктемені азайту арқылы нақты табыстың өсуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Ұсынылып отырған Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған міндеттерге толықтай сай. Барлық бірінші басшыға жоспар іс-шараларының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша дербес жауапкершілік жүктеледі.
Халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының 5 бастамасын іске асыру мақсатында жүзеге асырылатын іс-шаралар қатарында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін көтеру, бизнесті жұмысшыларының еңбекақысын көбейтуге ынталандыру, зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банктегі» есепшотына аударуға рұқсат беру және тағы да басқалары бар.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов