Мемлекет басшысы туризмді дамыту бойынша кеңес өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ақордада өткен кеңес Қазақстанда туризмді дамытудың басым бағыттарына арналды.

Президенттің айтуынша, бұл сала инвесторлар үшін ең тартымды бағыттардың бірі болып табылады, оның әлемдік жалпы өнімдегі үлесі 10%-ға жуық. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30% тиесілі.

Сонымен қатар Қазақстанның алуан түрлі табиғаты, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрасы мен географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуы туризмнің барлық түрін дамытуға көмек береді. Бұл әлеуетті пайдаланып, сапалы серпіліс жасау үшін жүйелі шаралар қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының Бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуы тиіс. 

Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды. Отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығы. Президент пойыздар санын көбейту, әуе бағыттарына лоукостерлерді көбірек тарту мен автожолдар жобасын аяқтау қажеттігін айтты. 

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды болуы мүмкін. Бұл ретте шетелдік туристердің ұлттық менталитетімен, олардың мүддесімен және сұраныстарымен санасып, өзіндік ерекшеліктерін ескерген жөн. Бүкіл туристке бір бағдарлама ұсынуға болмайды. Ол үшін жоғары білікті мамандар керек және сапалы жұмыс істеу қажет. Алдағы бес жылда елімізге келетін туристер санын екі есе, тіпті үш есе арттыруға мүмкіндігіміз бар.

2024 – Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы деп жарияланды. Бұл ретте Үкіметке шекаралас аймақтардың әкімдерімен бірлесіп, елді мекендерді туристер қабылдауға дайындау, Бақты және Көлжат бақылау-өткізу бекеттеріндегі жаңғырту жұмыстарын тезірек аяқтау жөнінде тапсырма берілді. Биыл елімізде өткелі отырған Дүниежүзілік көшпенділер ойыны көптеген туристі тартуға жақсы себеп – сондықтан ақпараттық насихатқа басымдық беруді де назардан тыс қалдырмау керек.

Бастысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмнің жаһандық деңгейдегі төлқұжатына айналуға лайық анағұрлым перспективті нысандарды атады. Бұл Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау жағажай туризмі және Щучье-Бурабай курорттық аймағы.