Киноөндіріс саласы Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға белсенді түрде қатысады. Бұл ретте «Kazakh Tourism» компаниясы халықаралық аренадағы индустрия өкілдерімен ынтымақтастықты нығайта түспек. Елдің әсем табиғаты мен бай мәдени мұрасы таспаға түсіріліп, кеңінен насихатталады. Сарапшылар бұл жер-жаһанды арайлайтын саяхатшылар назарын Қазақстанға аударудың тың әдісі деп отыр. Ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын ұлан-ғайыр мекеннің табиғаты алуан түрлі. Тянь-Шань жоталары, Қайыңды және Бурабай көлдері, Бетпақ Дала шөлінің құмды алқаптары мен Шарын шатқалының сұлулығы ерекше. Олар бірегей бейнекадрлар түзеді. Түркістан сияқты көне шаһарлар да тарихи кино туындылар үшін таптырмас локация. Астана болса заманауи фильмдер түсіруге әбден лайық.
Әлішер Тұрсын, «Kazakh Tourism» ҰК Жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры:
- «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Қазақстанның туризм жөніндегі елшісін тағайындады. Ол елімізге ірі киножобаларды тартумен айналысады. Бұл бастама біздің туристік аймақтардың әлеуетін барынша ашып, насихаттауға мүмкіндік береді. Жалпы киноиндустрияның осы салаға ықпал етуде әлемдік тәжірибелер жетерлік. Кезінде танымал актер Леонардо Ди Каприо түскен «Жағажай» фильмі көптің назарына ілігіп, сол жердің туристік танымалдығына өз септігін тигізген болатын. Біз де сол сияқты әйгілі кинопродюсерлер мен режиссерлерді Қазақстанға тартуды жоспарлап отырмыз.
Авторы: Жеңіс
Ермұқанов.

