Қазақстан Президенті волонтерлер форумында сөз сөйледі

Қазақстан Президенті волонтерлер форумында сөз сөйледі

Астанада Волонтерлер форумы өтті. Аталған жиында Қазақстан Президенті сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі ерекше бас қосуға еліміздің әр аймағынан белсенді жастардың жиналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы оларды қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз және қамқор жастары деп санайтынын жеткізді. Осы орайда бүнгінде  Қазақстанда 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұрғанын айта кету керек. Еріктілердің саны да артып келеді. 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер болса, қазір олардың қатары 300 мың адамға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі таңда еріктілеріміз экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішінде «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Осындай іс-шараларға 100 мыңға жуық ерікті қатысты. Әр бастаманың елге, қоғамға берер пайдасы мол. Мен өздеріңіз сияқты жасампаз жастарға зор үміт артамын. Біз бәріміз бір ел болып, ауқымды шаруа атқардық. Енді тоқтамай, тек қана алға қарай жүру үшін заман ағымына сай болу өте маңызды.

Қазақстан Президенті форумда еріктілер қозғалысын дамытуға қатысты 5 негізгі басымдықты белгіледі. Волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалану мен жаңа жүйелі шаралар қабылдау қажетігіне тоқталды. Сондай-ақ, ол азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру, корпоративтік еріктілер қозғалысын және халықаралық ықпалдастықты дамыту міндеттері тұрғанын атап өтті. Қазақстан БҰҰ-мен қатар өзге де маңызды халықаралық ұйымдар аясында еріктілер қозғалысын дамытып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл біздің бастамамызбен Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді. Өздеріңізге мәлім, еліміздегі Халықаралық еріктілер жылы «Орнықты келешек үшін бірге!» ұранымен өтуде. БҰҰ қолдауымен Астанада биыл сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммиті аясында волонтерлер үшін арнайы сессия ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл іс-шара экология саласындағы үздік волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек. Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі іс-қимыл апталығы мен Арал маңындағы табиғатты қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік апталық өткізу көзделген.

Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтуде. Бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші сессиясында көтерген болатын.  Еліміздің ұсынысы жаһандық ауқымда қолдау тапты.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?