Қазақстанда Қытаймен шекарада жаңа айналма жол салынады. Премьер-министр Олжас Бектенов белгиялық компания басшысы Людо Саренспен жобаны жүзеге асыру жоспарын талқылады. «Нұр жолы» өткізу бекетінің айналма жолы көлік қозғалысына жүктемені азайтады. Ұзындығы 3 шақырым болатын жолмен салмағы 100 тоннадан асатын ірі көлемді жүктер өткізіледі. Оның аясында қосымша автожол көпірі мен көлік тұрақтарын салу, тиісті инфрақұрылым тарту қарастырылған. Барлық нысан компанияның жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылады. Оның жалпы құны шамамен 50 млн долларды құрайды.
Людо Саренс, «Sarens» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы, Бельгия:
- «Қазір Қытайдан келетін көп көліктерге байланысты кептелістер бар. Жобаның мақсаты - маршрут бойынша шекарада көлік кезегін болдырмау үшін жүктерді қабылдау мақсатында жеке жер учаскесін бөлу. Бұл негізгі өткізу пунктіне жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қытайдан келген жүк көліктері, туристер және басқа да келушілер шекарадан тезірек және кедергісіз өте алады. Біз Қазақстан Үкіметінің бұл жобаны толық қолдайтынына өте қуаныштымыз».
Қазақстанда Қытайлық компания индустриалды парк салады
Сондай-ақ, Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласындағы қытайлық компания басшысы Ли Яньтаомен кездесті. Онда елімізде индустриалды парк салу жоспары қаралды. 70 гектар аумақта ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар іске қосылады. Қазір жалпы қуаты жылына 50 мың тонна құрғақ көкөніс өндіретін зауыт құрылысы басталды. Инвестициялық жоба Жетісу және Солтүстік қосымша өндіріс ошақтарын салуды да қамтиды. Дайын өнімдерді ішкі нарыққа сату, сондай-ақ АҚШ пен Еуропалық Одақ елдеріне экспорттау көзделіп отыр.
Ли Яньтао, Qingdao Wanlin Food CO., LTD. компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:
- Біз Қазақстан нарығына, соның ішінде көкөністерді терең өңдеу саласына
инвестиция салу туралы шешім қабылдадық. Ол үшін Түркістан облысы таңдалды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастар барлық бағыт бойынша қарқын алып
келеді. Елде ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Компаниямыздың қайта өңдеу
саласында үлкен тәжірибесі бар. Бұл серіктестікті тиімді жүзеге асыруға
мүмкіндік береді деп санаймын».

