Қазақстан Президенті Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайда Өзбекстан көшбасшысы Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі дамыту әлеуетін егжей-тегжейлі талқылады. Кейін Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшылары Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуал аумалы-төкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екенін атап өтті. Ең әуелі, өзара алыс-беріске мән беру керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сауда-саттықты дамыту үшін
өсімнің тың мүмкіндіктерін іздеу, тауарлар номенклатурасын кеңейту және
шикізаттық емес экспортты ынталандыру шараларын қабылдау қажет. Осы орайда
Өзара тауар айналымын 10 млрд долларға арттыру бағдарламасын сапалы жүзеге
асыру маңызды. Бүгін құрылатын Өңір басшылары кеңесін, сондай-ақ Іскерлік кеңес
пен «UzKazTrade» бірлескен сауда компаниясы секілді басқа да екіжақты
механизмдердің жұмысынан нақты нәтиже күтеміз.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Қазақстан Президенті ет, бидай, майлы дақылдарды өңдеудің толық өндірістік тізбесін қалыптастыруды, мал шаруашылығын бірге дамытуды ұсынды. Сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы серіктестік әлеуетті бағыттың бірі. Тараптар өнеркәсіп кооперациясына да басымдық беруде. Қазір 78 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Көлік-транзит саласы да басты назарда. Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек тарапын Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірге өркендету үшін Ақтау және Құрық порттары бойынша серіктестік құрып, логистикалық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасында теміржолмен тасымалдау көлемі 15 пайыздан аса өсіп, 22 млн тоннадан асты. Алдағы уақытта да бірлесе отырып, тариф саясатын жетілдіруге, жүк тасымалы шарттарын жеңілдетуге, шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғыртуға келістік.
Шавкат
Мирзиёев, Өзбекстан Президенті:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл сапары екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың деңгейі жоғары екенін тағы да растады. Аталған сапар біздің көпжоспарлы ынтымақтастығымыздың жаңа тарихындағы айтулы оқиғаға айналды және байланыстарымызды арттыруға тың серпін берді. Қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдер серіктестігімізді нақты мазмұнмен толықтырып, бірлескен жобалардың көкжиегін кеңейтіп, бауырлас екі елдің дамуына берік негіз қалайды.
Келіссөздерден кейін Қазақстан мен Өзбекстан президенттері онлайн-форматта
өнеркәсіп пен логистикадан бастап қаржы мен құрылысқа дейінгі жалпы құны 1,2
млрд доллар болатын 7 бірлескен жобаны іске қосты. Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты
«Жоғары дәрежелі достық» орденімен марапаттады. Келіссөздер қорытындысы бойынша
Президенттер бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірқатар маңызды құжатқа қол қойды.
Олардың бірі екі ел өңірлері басшыларының кеңесін құруға қатысты. Сондай-ақ үкіметаралық
және ведомствааралық 14 құжатқа қол қойылды.

