Мәскеуге жұмыс
сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымына
мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Мемлекет басшысы ТМД-ның посткеңестік аумақтағы рөліне тоқталды. Қазіргі геосаяси
тұрақсыздық пен аумалы-төкпелі халықаралық ахуал жағдайында өтіп жатқан бүгінгі
кездесу Ұйым жұмысына тың серпін беруге тиіс, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Біздің ел Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім
жасауға деген ұмтылыстарын құптайды. Сонымен қатар, Орталық Азия аймағындағы мемлекетаралық шекаралардың
жекелеген бөліктерін заңдық тұрғыдан ресімдеуді аяқтау ісінде айтарлықтай
ілгерілеу бар.
Президент «ТМД+» форматын құру туралы мәселені қарастыруды ұсынды. Мұндай
алаң Достастықтың өңірлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады. Бұған қоса сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері
ұдайы назарда болуға тиіс. Еліміздің сыртқы тауар айналымының төрттен бір
бөлігінен астамы осы нарықтың еншісінде.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- «Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны
іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ТМД елдерінің түрлі қалаларында жыл сайын
сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізуге болады. Оған бүкіл
Еуразия өңіріндегі шеберлер мен шаруаларды да шақырған жөн. Алғашқы көрмені
Қазақстанның ең көне қалаларының бірі – Таразда ұйымдастыруға дайынбыз. Бұл
шаһар ежелде Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды торап болғандықтан
«керуеншілер қаласы» деп те аталған.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық кооперацияның тиімділігі көлік дәліздерінің дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан негізгі халықаралық бағыттардағы теміржол инфрақұрылымын жаппай кеңейтуге кіріскенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынған едім. Бұл жұмысты мейлінше тезірек аяқтауымыз керек. Жалпы, «Бір белдеу, бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий бағыты сияқты жаһандық жобаларды өзара үйлестіру Еуразия құрлығындағы экономикалық, институционалдық және көлік-логистикалық дамудың бірыңғай тұжырымдамасын құруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы
студент алмасу және ғылыми тағылымдамадан өту ісін жандандыру үшін
«Достастықтың академиялық астанасы» атты жаңа бағдарламаны іске қосуды ұсынды. Сондай-ақ, жиында мемлекет
басшылары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өту мәселесін
талқылады. ТМД саммитінің қорытындысы бойынша бірқатар құжат
қабылданды. Ал, кеңеске төрағалық ету Тәжікстанға өтті.
Осыған орай келесі саммит 2025 жылы Душанбеде өтетін болды.