Қазақстанның Премьер-Министрі Олжас Бектенов сарапшылармен кездесу өткізіп,
экономикалық дамудың басым салаларын, сондай-ақ сыртқы тәуекелдерді талқылады.
Сарапшылар әлемдік конъюнктураның ықпалын ескере отырып, ұлттық экономиканың
даму қарқыны бойынша болжам айтты. Салалық жаңғыртудың басымдықтары, инвестиция
тарту, отандық өндірісті ұлғайту, инфляцияға қарсы күрес шаралары, жасанды
интеллектіні дамыту үшін электр энергиясын өндіру мәселелері көтерілді. Салық
реформасын талқылау барысында өтпелі кезеңнің маңызы айтылды. Үкімет шешіміне
сәйкес қосылған құн салығы шегінен асқан кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке
тартылмайды. Қарыздың негізгі сомасы 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтелсе, өсімпұлдар
мен айыппұлдар есептен шығарылады. Кездесуді қорытындылай келе Премьер-Министр
Үкімет пен сарапшылар қауымдастығы арасындағы тұрақты диалогтың маңызын атап,
жауапты мемлекеттік органдарға айтылған ұсыныстарды
пысықтауды тапсырды.

