Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық кеңейіп, нығая түседі. Президент Шавкат Мирзиёевтің мемлекеттік сапары аясында Астанада қабылданған алдағы 10 жылға арналған Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасы екі жақты ықпалдастыққа жаңа серпін береді. Бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның Президенттері бірінші Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қос тарап арасында өзара тауар айналымын таяу арада 5 миллиард, кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Осылайша, Қазақстан өнім экспортын 550 млн долларға арттыруға дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазір жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық жоба бар. Машина жасау, металлургия, автокөлік құрастыру, тұрмыстық техника өндіру, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және басқа да бағыттағы жобалар табысты іске асырылып жатыр. Мұның бәрі екі елге 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Энергетика, коммуникация, ғарыштық технологиялар, цифрландыру сияқты салалардың әлеуеті мол. Біз осы бағыттағы серіктестікті нығайтуға баса назар аударып отырмыз.
Сонымен қатар, Мемлекетаралық кеңес отырысы барысында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын кешенді және ұтымды пайдалану және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды. Тараптар халықаралық және өңірлік құрылымдар шеңберінде өзара қолдау туралы уағдаласты. Кейін мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы контейнерлік пойыздың Сиань құрғақ портынан келу салтанатына қатысты. Ол 5 тәулік ішінде 4 жарым мың шақырымға жуық жолды жүріп өтіп, жаңа рекордтық көрсеткішті орнатты.
Айта кетейік, өткен жылы елдер арасында жүк тасымалдау көлемі 17%-ға өсіп, 30 млн тоннадан асты. Бұл бағыттағы интеграция өзара іс-қимылды нығайтуда жаңа мүмкіндіктер ашады.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:
– Өзара ықпалдастығымыздың маңызды бағыттарының бірі саналатын өңіраралық байланыстарды жандандыру жөнінде келістік. Қазіргі Аймақаралық ынтымақтастық форумын елдеріміздің барлық облысын тарта отырып, Өңір басшыларының кеңесі ретінде қайта құрылымдау туралы бастама көтерілді.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентіне екі елдің достығы мен ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін жоғары мемлекеттік награда - «Алтын Қыран» орденін табыс етті. Жалпы, келіссөздер қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, экономика, трансшекаралық сауда салаларындағы серіктестікті кеңейтуге бағытталған 15 құжатқа қол қойылды.