Қазақстанның
энергетикалық және коммуналдық секторларын жаңғырту бойынша Ұлттық жобаны іске
асыру үшін 13 трлн теңгеден астам инвестиция қажет. Қаражат 86 мың шақырым
коммуналдық желіні салуға және қайта жаңартуға, сондай-ақ жалпы қуаты 7,3 ГВт болатын
жаңа генерация көздерін іске қосуға бағытталады. Келер жылы 10 мың шақырым
желіні және 46 мың бірлік техниканы жаңарту үшін шамамен бір триллион теңгеге
жуық инвестиция тарту жоспарланып отыр. Премьер-министр орынбасарының айтуынша,
Ұлттық жобаны жүзеге асырудың егжей-тегжейлі жоспары жылдың соңына қарай
жарияланады. Оның аясында каналдар мен су қоймаларын жаңарту, суды үнемдеу
технологияларын қолдануды кеңейту, сондай-ақ ТЖМ жұмысын күшейту көзделген.
Барлық іс шараларды жүзеге асыру 224 компанияға жүктелген.
Қанат Бозымбаев, ҚР
Премьер-министрінің орынбасары:
- Жоспар бойынша
алдағы бірнеше жылда 42 су қоймасын салу және жаңарту көзделген, бірінші
кезекте 14,5 мың шақырым магистральды арналары күрделі жөндеуден өтетін болады.
Сонымен қатар, саланы толықтай цифрландыру жұмысы жүргізіледі. Қазір әлем
бойынша заманауи технологиялар іске қосылуда, біз жетекші компанияларды елге
тарттық, олардың бірқатары елімізде өз өндіріс орындарын ашып жатыр, кейбір
бөлігі отандық кәсіпорындармен бірігіп жұмыс жасауда. Біз үшін дамыған елдерде
қолданылып жатқан жаңа технологияларды меңгеру маңызды.

