Ел Сенаты Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді мақұлдады. Құжат саяси және экономикалық байланыстарды бекемдеп,негізгі салалардағы қазақ-британ ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған. Келісім инвестициялар тартуға, энергетика мен жаңартылатын энергия көздері, тау-кен өнеркәсібі, жоғары технологиялар мен цифрландыру және ауыл шаруашылығы бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Мәселен, британдық «жасыл» экономика саласындағы тәжірибесі Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында пайдалы болмақ. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласында келісім британдық ЖОО филиалдарын ашуға септесіп, студенттер мен оқытушылар алмасуын кеңейтпек. Депутаттардың айтуынша, бұл құжат екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге шығарады және одан әрі серіктестік үшін ұзақ мерзімді негіз қалайды.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ұлыбритания - Қазақстан экономикасына 23 млрд АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция салған ірі инвесторлардың бірі. Келісімді ратификациялау еліміздің болжамды құқықтық ортасы мен ашық бизнес жүргізу қағидаттары бар сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтады. Өңірлер үшін бұл – капиталдың келуін, британдық компаниялармен және университеттермен тікелей ынтымақтастық орнату мүмкіндігін білдіреді.
Қазақстан мен Тәжікстан ынтымақтастықты нығайтады
Сондай-ақ сенаторлар тағы бір маңызды халықаралық құжат Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты мақұлдады. Ол саясат пен экономикадан бастап қауіпсіздік пен гуманитарлық салаға дейінгі бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған. Яғни, құжат екі елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Сонымен қатар шарт аясында су-энергетика саласындағы өзара ықпалдастық одан әрі нығая түспек. Тараптар Орталық Азиядағы қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы іс-қимылда да күш жұмылдыруға ниетті.

