Қазақстанда «Қолжетімді Интернет»
ұлттық жобасы бекітілді. Ол 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды
және оны іске асыруға 1,5 трлн теңгеден астам қаражат көзделген. Жоба аясында
айтарлықтай қаражат сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға
бағытталатын болады. Ұлттық жоба Мемлекет басшысының республиканың интернет
саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданды. Премьер-Министр
Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.
Динара Алимова, ҚР Премьер-Министрінің
баспасөз хатшысы:
-Оның басты мақсаты жылдамдығы секундына
кемінде 100 Мбит/с болатын кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету. Атап айтқанда
ауылдық жерлерде талшықты оптикалық байланыс желілерін салуға баса назар
аударылатын болады. 3000-нан астам елдімекенге тиісті байланыс желілерін тарту
жоспарланып отыр. Сонымен қатар ұлттық жоба аясында 487 антенна орнату
жоспарланған. Бұл 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамтуға
мүмкіндік береді.
Ұлттық жобаның тағы бір бағыты – 5G желісін одан әрі өрістету. Бүгінгі таңда 600-ден аса базалық станция орнатылған. 2025 жылдың соңына дейін бұл технологияны республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының барлығына енгізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек ірі деректер орталықтарын және трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдарды салу бойынша шаралар да қолға алынады. Сонымен қатар республикаға жетекші халықаралық IT-компанияларды тарту үшін заңнаманы өзектендіру қажет. Үкіметте атап өтілгендей, жалпы ұлттық жобаны іске асыру елдің өңірдегі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.