Қазақстанда колледждерде QR-коды бар диплом беріледі

QR коды бар дипломдар. Қазақстандық колледждердің түлектері оқу орнын аяқтағаны туралы осындай құжаттарды ала бастады. Оқу-ағарту министрілігінің хабарлауынша, Бұл жұмыс білім беру саласын цифрландыру аясында жүргізілуде. Автоматты сәйкестендіру технологиясын пайдалану және деректерді тексеру жалған құжаттар жасаудан сақтайды. Бұл ретте олардың шынайылығын жұмыс берушілердің өздері де тексере алады.

Алтай Рахимберлин, ҚР Білім министрлігінің департамент басшысы:

- QR код дипломның түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді. Ол мемлекеттік веб-ресурсқа сілтеме береді, онда меншік иесі, оқу орны туралы ақпарат және мемлекеттік Ұлттық білім беру дерекқорынан құжаттың деректемелері көрсетіледі. QR код түлектің аты-жөні, ұйымның атауы, оқу орынына қабылданған, аяқтаған жылы, мамандықтың және біліктіліктің атауы, оқу нысаны, дипломның сериясы мен нөмірі сияқты негізгі ақпараттарды қамтиды.

Дипломдар Egov.kz порталында цифрлық құжат қызметі және мобильді қосымшада электронды форматта, сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің платформаларында қолжетімді. Биыл барлығы 140 мыңнан астам колледж түлегі QR коды бар диплом алады. Сонымен қатар оқу-ағарту министрлігі тағы бір жаңалық енгізіп отыр. Енді қазақстандық түлектер мектеп аттестатымен қатар колледж дипломын ала алады. Жаңа білім беру бағдарламасы 10-11 сынып оқушыларына өз мектебінде білім ала жүріп, колледждерде жұмысшы мамандықтарын қатар меңгеруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 16 жұмысшы біліктілігі анықталды. Пилоттық жоба жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істей бастайды.