Қазақстан Президенті Kazinform ақпарат агенттігін 105
жылдығымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырдан астам тарихы бар агенттік жұртшылықты
дүние жүзіндегі аса маңызды оқиғалардан дер кезінде хабардар етіп, Қазақстанның
жүз жылдық жылнамасын жазғанын ерекше атап өтті. Мерейтойлық датаға орай ақпараттық
агенттіктің үлкен медиа саласының кезеңдеріне арналған деректі фильм мен кітап
тұсаукесерлері жоспарланған.
Майя Бекбаева, фильмнің авторы:
- Бізге осы трансформацияны, осы тарихи жолды көрсету өте
маңызды болды. Өткені Қазақпараттың жолы - шын мәнінде Қазақстанның жолы.
Бүгінде біз Президент телерадиокешеніне енген және кеңейіп келе жатқан
Қазақпаратты мүлде басқаша көріп отырмыз. Бүгінде бұл ірі халықаралық агенттік.
Ол әлемнің түрлі елдерімен меморандумдар жасасады және агенттіктің тілшілері де
қазір бүкіл әлем бойынша жұмыс істейді.
Kazinform заман ағымына сай дамып келеді. Олардың жарияланымдары жай ғана мәтіндер мен
фотосуреттер ғана емес. Бұл
бейнематериалдар, ақпараттық графика, әлеуметтік желілерде хабар тарату. Қазақпарат
кеңістігінде әлемнің түкпір-түкпірінен оқырмандар нақты уақыт режимінде қазақ, латын,
орыс, ағылшын, қытай және өзбек тілдерінде жедел жаңалықтар алады. Агенттіктің
сайты күн сайын маңызды әрі эксклюзивті материалдарымен
толығып тұрады. Оның меншікті тілшілер желісі елдің барлық өңірлерін қамтиды. Сондай-ақ, шетелдік өкілдіктері бар.
Асқар Жалдинов, ҚР Президенті ТРК директорының орынбасары:
- Қазақпараттың құрамында бұрын да, қазірде, яғни әрдайым елдегі ең үздік журналистер жұмыс істейді. Себебі біздің ақпаратшылар кез-келген ақпаратты тез өңдеп, лентаға жүктей алады. Фактчекингпен айналысады, яғни жарияланатын әр мәлімет мұқият тексеріледі. Біз сенсация қумаймыз, Қазақпарат үшін ең бастысы маңызды, әрі нақты шынайы жаңалық тарату. Агенттіктің алдына қойылатын ең басты талап осы.

