Қазақстандық ғалым қазақша ым-ишараны танитын бірегей жүйе
ойлап тапты. Елімізде теңдесі жоқ интелектуалды кешен көру және есту қабілеті бұзылған
жандардың қоғаммен еркін қарым-қатынас орнатып, кедергісіз түрлі қызмет алуына
мүмкіндік береді. ЕҰУ-нің ғалымы - Нұрзада Амангелдінің жобасы жасанды
интеллектке негізделген. Ол қазақ әліпбиіне бейімделген әр ымның бірнеше
нұсқасын жасап, күрделілігі бойынша топтарға бөлген. Кейін әрбіріне жасанды
нейронды желі моделі әзірленді.
Нұрзада Амангелді, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жасанды интеллект
технологиясы кафедрасының аға оқытушысы:
- Біз бұл жерде білім алуға арналған түрлі тренажорлар мен
сурдо-аудармашыларды даярлайтын жаттығулар, мобильді қосымша, ең соңында сол
жинаған база негізінде үздіксіз ым тіліндегі сөздерді табиғи тілге түрлендіріп,
сол табиғи тілді керісінше ым тіліне генерациялайтын аватар жасап жатырмыз. Біз
осы мәтінді әріқарай дыбысқа айналдырып екі адамның арасындағы диалогқа
айналдыра аламыз.
Ғалым 5 жыл уақытын сарп еткен төл жобасының енді ел игілігі
үшін қызмет еткенін қалайды. Әлемдік рейтингі жоғары ғылыми журналдарда 3
мақала жариялап, халықаралық деңгейде мойындалған әзірлемесі кез-келген
мемлекеттік және қоғамдық мекемелерде ендіруге дайын дейді. Тек, оған қаржы
керек. Нұрзада Амангелді заманауи жүйені кәдеге жарату үшін «Ғылым қорының»
грантын алудан үмітті.
Жангелді Бекбатыров, «Қазақстан саңыраулар қоғамы» ҚБ вице-президенті:
– Әсіресе, білім беру саласында ым тілін көбі біле бермейді.
Жасөспірімдер, балабақшадағы балаларды үйрету керек. Егер осы жүйені қолданатын
болсақ, олар үшін кеңістік те кеңейе түседі. Кез келген азамат өзінің үйінде
отырып-ақ бос уақытында үйреніп алып тіл табыса алады. Бұл дегеніңіз ешкімге де
ешқандай шектеу қойылмайды, кез-келген жерде өзінің мәселесін шешіп жүре
береді.
Ақылды жүйе қазақшамен қатар орыс және халықаралық ым тілін танитынын айта кету керек. Болашақта әрбірінің сөздік қорын 3 мың сөзге дейін жеткізу жоспарланған.