XV ғасырда Ресей аумағында Қасым хандығы болғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Оны Қазан ханы Мұхаммедтің ұлы Қасым құрған. Хандық 200 жылдан артық билік еткен. Қасым хандығы құрылғаннан құлағанға дейін Шыңғыс хан ұрпағынан 14 адам билік еткен. Олардың арасында Қазақ хандығын құрған Жәнібектің ұрпағы Ораз Мұхаммед Онданұлы бар. Бүгінде оның жерленген жеріне мемориалдық тақта орнатылды. Бабалардан белгі қалған жерге қазақстандық экспедиция арнайы келді.
Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:
- Қасым хандығын Ресейге бағынбайтын жеке мемлекет ету ол кісінің ойында болды. Мүмкін сол үшін де I Лжедмитрий, II Лжедмитрий байланысып кейінгі кезде солардың жағына шықты. Осындай бір қылығын байқаған Лжедмитрий жендеттеріне оны өлтіруді тапсырады.
Қасым хандығы құрылған сәттен бүгінге дейін сақталған жалғыз нысан – мұнара, биіктігі – шамамен 22 метр. Мұнда кейбір хандық билеушілерінің сүйегі жерленген. Бүгінгі Қасым қаласының маңындағы жазық дала бұрын зират болған, оның дәлелі – кесене. Ішінде тарихта аты қалған 5 адамның белгітасы бар. Соның бірі – Қадырғали Жалайыр.
Эльдар Бекуев, Рязань облысы, Татар халқының ұлттық мәдениеті автономиясының төрағасы:
- 2022 жылы бұл нысандарды реставрациялау жұмыстарына кірісеміз. Жәдігерлер Ресей федерациясы немесе Рязань облысының тарихына ғана қатысты емес, мұнда Қасым хандығын басқарған және тығыз байланыста болған Қазақ хандығының да өкілдері жерленген.