Қазақстанда кілем тоқудың ескі дәстүрі жаңғыртылып жатыр

Қазақстанда кілем тоқудың ескі дәстүрі жаңғыртылып жатыр

Қазақстанда кілем тоқу ісінің ескі дәстүрі жаңғыртылуда. Мәселен, Қызылорда өңірінің қолөнер шеберлері ата кәсіпті ғасырлық тарихы бар ағаш құрылғымен жасайды. Көне құрылғыны бәз-баяғы мақсатта қолдану өлкедегі кейуаналар арасында кең таралған. Кілем мен кестенің түр-түрін өрнектейтін шеберлер сыры кетсе де, сыны кетпеген бұл құнды жәдігер жұмыс істеуге өте ыңғайлы екенін айтады. Ең бастысы бабалар мұрасы бүгінде көптің кәдесіне жарап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде сүбелі үлес қосып келеді.

 Салтанат Әбдіраманова, қолөнер шебері: 

-Мына кілем ағашқа 100 жыл болыпты. Сол кезде әжелеріміз қалай басы жеткен айналма ағашқа. Мысалы, біз тұрып тұрсақ шаршаймыз ғой, сондықтан біз ағашты айналдырып жібереміз. Қайтадан мына жерге әкеп аламыз. 

Көнерген кәсіптің бүгінде мән маңызы жойылмағанын ел деңгейіндегі «Киіз басу» форумы айғақтайды. Ескі дәстүр ұлықталған шарада әр өңірден келген шеберлер тулаққа жүн сабап, текемет тоқыды. Қазақтың осы дәстүрін жалғап келе жатқан жанның бірі - Мәрияш Әлжанова.

Мәрияш Әлжанова, қолөнер шебері:

-Менің өнімдерім тек жергілікті қой жүнінен жасалған. Тұрмыстық бұйымдарға не керек, соның бәрін жасаймын. Киіз, текемет басамын, тоқымдар жасаймын, қоржын, аяққап, кесеқап және т.б. Ақтау, Атырау қалалары киіз үйді жабуға ақ киіз сұрайды.

Аталмыш форум аясында отандық шеберлердің қолынан шыққан түрлі түсті оюлы текеметтердің көрмесі ұйымдастырылды.