Қасым-Жомарт
Тоқаев Батыс Қазақстан облысының Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы
қалыптасқан жағдаймен жеке танысты. Мемлекет
басшысының жұмыс сапары қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен
аралап көруден басталды. Облыс
әкімі Нариман Төреғалиев Президентке бүгінде 6 аудан мен Орал қаласын су
басқанын баяндады. Қарғын
су басқан аумақтардан шамамен 7000 тұрғын көшірілді. Зардап
шеккендерге материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63
миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда су айдау,
нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту
жұмыстары жүргізілуде.
Президент су басқан
аумақтарды тікұшақпен аралап шыққаннан Қаратөбе ауданындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан
эвакуациялық пунктке барды. Мемлекет басшысы су
тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай көлемдегі
тасқынның бұрын-соңды болмағанын айтып, шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық
қажетті шараны қабылдайтынын айтты.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
-Хал-жағдайларыңызды
білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат.
Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет,
Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған
еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Президент су тасқынынан бірнеше облыс зардап шеккенін атап өтті. Қазір оның салдарын жою бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Апатты тек бірігіп шешуге болады, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Үкіметке, мемлекеттік органдарға және облыс әкімдеріне қысқамерзімде коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін шаралар қабылдауды, сондай-ақ жаңа тұрғын үй құрылысын бастауды тапсырды. Ал алдағы уақытта су тасқынының алдын алу шараларына айырықша мән беруді де шегелеп айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті :
-Көктем мезгілінде қар шығару, өзендердің қауіпті учаскелеріндегі мұзды
жару, қарғын су жүретін арналар жасау және басқа да қажетті шаралар алдын ала
жүргізілуге тиіс. Жаз-күз маусымында өзендердің арналарын уақытылы тазалауды,
табанын тереңдетуді және сағаларын кеңейтуді, автомобиль мен теміржолдардың
бойындағы қолданыстағы су өткелдерінің қуаттылығын арттырып, жаңасын салу қажет. Қорғаныс бөгеттері мен су жүретін
каналдар салу керек. Бұл міндет Республикалық штабқа және Үкіметке жүктеледі.
Мемлекет басшысы гидротехниктерді, ирригаторларды және су саласындағы басқа
да мамандарды даярлаудың, сондай-ақ су қоймаларын салудың маңыздылығын атап
өтті. Президент мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай
әрекет ету алгоритмін әзірлеу қажет деп санайды. Оның пікірінше, бұл құжатта
төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге және
дүние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі барлық құзырлы органның міндеттері мен
іс-қимылы нақты қамтылуы керек.