Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Бүгін елімізде 10 мыңнан астам сайлау учаскелері жұмыс істеп тұр. 12 млн-ға жуық қазақстандықтың дауыс беру құқығы бар. Шетелде отандастарымыз 53 елде 68 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасай алады. Онда барлығы 12 мыңнан астам адам дауыс береді деп болжанған. Сайлау учаскелеріне алғашқылардың бірі болып, Жапония мен Корея Республикасында тұратын отандастарымыз келді. Кейін дауыс пункттері Омбы, Бішкек, Дели, Ташкент, Ашхабад, Исламабад және Душанбе қалаларында ашылды.
Еске салайық, президент сайлауына алты кандидат қатысып жатыр. Бұл – «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлер ұлттық альянсынан» Қарақат Әбден, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Аманат» республикалық кәсіподақтар одағынан Мейрам Қажыкен, сонымен қатар «Халық коалициясы» атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, ал «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінен Салтанат Тұрсынбекова.