Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру. Парламент Мәжілісі осыны көздейтін құжатты мақұлдады. «БҰҰ-ның медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясын ратификациялау елімізде соттан тыс медиацияны жетілдіруде оң қадам болып отыр», – дейді сала мамандары. Ол қатысушы мемлекеттердің екі және одан да көп компания арасындағы халықаралық коммерциялық дауларын шешу үшін қолданылады. Осылайша аталмыш құжат сыртқы сауданың дамуына, тараптардың келісімдерін жүзеге асыруға ықпал етпек. «Елдің жаһандық нарықта бизнес-беделі асып, өзгелер алыс-беріске келгенде бізге сеніммен қарайтын болады», – дейді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.
Айта кетейік, конвенция 2020 жылғы 12 қыркүйекте күшіне енді. Ұжымдық келісімге бізбен қатар Қытай, АҚШ, Корея, Үндістан сынды барлығы 55 ел қол қойды. Оның ішінде 7-еуі құжатты ратификацияласа, 1 мемлекет бекітіп үлгерген.
Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:
- Конвенцияның мақсаты – медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді қатысушы мемлекеттердің аумағында тану және орындау. Осы уақытқа дейін медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді тану және сақталуын қамтамасыз ету үшін бірыңғай тетік болған жоқ. Сәйкесінше дау тараптары үшін татуласу келісімін басқа юрисдикцияда тану және орындау үшін сотқа жүгінуге мүмкіндік туындайды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов