Жеңілдетілген автонесие алуға кезекте тұрған қазақстандықтар қайта өтініш беруі тиіс. Олардың өтініші бүгіннен бастап қабылдана бастады. Алайда, әзірге бағдарлама операторы мақұлдаған жағдайда төрт банктің біреуі ғана қабылдайды. Аталған тақырыпқа арнайы ұйымдастырылған баспасөз конференциясы барысында Өнеркәсіпті дамыту қоры басшысының орынбасары Ринат Гаппаров түсініктеме берді.
Ринат Гаппаров, өнеркәсіпті дамыту қоры басшының орынбасары:
– Осыған дейін жеңілдікті автонесиелеу бағдарламасы бойынша банктерде кезекте тұрған адамдар өз кезектерінен айырылып қалмайды, барлығы сол күйінше қалады. Әр банктің өз лимиті болады, оны уәкілетті органдар анықтайды. Сәйкесінше банктер тиесілі ақшаны алады. Қазір біздің қорда корпоративтік рәсім жүріп, банктермен келісімдер жасалуда. Қалған банктермен корпоративтік келісімдерді аяқтаймыз. Менің ойымша, аптаның соңына дейін қалған үш банкпен келісіліп, оларға да қаражат аударылады деп жоспарлап отырмыз.
Дегенмен, автосалондарда адамдар таңертеңнен кезекке тұрып, дүрбелең жасауда. Себебі, олар бағдарлама 16 мамырда толыққанды іске қосылатынына сенімді болған.
БЛИЦ:
– Не болатынын білмеймін, бірақ кезекке тұрып қойғаным дұрыс деп ойлаймын.
– Егер осынша адамды қамтитын қаржы болмаса, несіне өтініш санын қысқартпайды, түсініксіз! Барлығы ашық өтетініне күмәнім бар.
– Менің кезегім электронды түрде ашық және адал екеніне күмәнім бар, себебі кезегімнің жылжығанынан мен хабарсызбын.
Ал қазақстандық автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева тұрғындарды алаңдамауға шақырды. Ол бағдарлама ашық жұмыс істейтінін айтты. Қауымдастық өкілі жеңілдетілген автонесие алудың бірнеше бағытына тоқталды.
Анар Мақашева, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының Вице-президенті
– Ең алдымен автосалонға келіп көлік таңдау керек. Содан кейін егер автомобиль бағасына келіссеңіз оны сатып алуға ниетті азаматқа оның ВИН коды көрсетілген төлем шоты беріледі. Осы алғашқы үрдістерден кейін ғана тұтынушы екінші деңгейлі банкке жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасы бойынша өтініш бере алады. Қаржы институты өтінішті мақұлдағаннан кейін кепілдік хатын шығарады және оны тұтынушыға береді. Содан кейін көлік құралын тіркеу рәсімі басталады. Яғни, көлікті есепке қою қажет. Ол үшін белгілі бір құжаттар тізімі бар, оладың тізімін егов сайтынан табуға болады.
Айта кетейік, бағдарламаны жүзеге асыруға 100 миллиард теңге бағытталды. Оның шарты бойынша кез келген қазақстандық көлікті бастапқы жарнасыз, жеңілдетілген 4 проценттік үстемеақымен сатып ала алады. 10 миллион теңгеге дейінгі несие 7 жылдық мерзімге беріледі. Жалпы көлік құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс.