Қазақстанда қаржы пирамидаларынан 31 мыңнан астам адам зардап шеккен

Қазақстанда қаржы пирамидаларынан 31 мыңнан астам адам зардап шеккен

Қазақстанда 2021 жылдан осы күнге дейін қаржы пирамидаларынан 31 мыңнан астам адам зардап шеккен. Олар 54 млрд теңгеден астам қаржы жоғалтқан. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметі осындай. Бұл туралы Парламентаризм институтының директоры Мансұрхан Махамбетов қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында мәлім етті. Оның айтуынша, қаржы пирамидалары әдетте заңды микроқаржы ұйымдары, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтері және жабық инвестициялық пай қорлары ретінде қызмет етіп, өз істерін жасырады. Қаржы пирамидаларын жарнамалауға қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодекстің» 150-бабында айыппұл түрінде жаза қарастырылған. Алайда бұл норма еш нәтиже көрсетпей келеді.

Мансұрхан Махамбетов, Парламентаризм институтының директоры:

– Бірінші мәселе –  Қаржылық пирамида. Осының алдын алу, болдырмау, дер кезінде анықтау. Екіншісі, қылмыстық жауапкершілікті арттыру. Өздеріңіз білесіздер, бүгін қолданыс аясындағы қылмыстық кодексте осы қаржы пирамидасын жасағандардың топтасқан ұйымдар жазаға тартылады, ал вайн, реклама жасағандар қылмысқа тарту мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз бүгінгі таңда осы қылмыстық кодекстің субьектісі ретінде  жауапкершіліктерін қарастырып отырмыз.

Талқылауға қатысқан Парламент мәжілісінің депутаттары, Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдері, сондай-ақ адвокаттар «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» және «Жарнама туралы» заңдарға өзгеріс енгізуге қатысты ұсыныстар әзірлеп, тиісті органдарға жеткізуге уағдаласты.

 

Автор: Ақзер Сегізбай