ҚР Премьер-Министрі Алматы индустриялық аймағы әлеуетімен танысты

Бизнесті қолдау әрі іскерлік белсенділікті ынталандыру құралдарын жетілдіру қажет. Ел Премьер-Министрі Алматы қаласына жұмыс сапары барысында осындай тапсырма берді. Олжас Бектенов шаһардың индустриялық аймағын аралап, әлеуетімен танысты. Ол мұндағы өндірісі өрістеген кәсіпорындардың тәжірибесін өзге өңірлерге таратудың маңызын тілге тиек етті. Үкімет басшысы аймақтағы логистикалық тарату орталығының құрылыс басында болды. Оның аумағы 100 мың шаршы метрден асады. Жобаға жалпы құны 13 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылған. Бұндай екінші орталық жақында Астанада да бой түземек. Нысанды 2025 жылдың ІІ тоқсанында іске қосу жоспарланған. Бұдан бөлек, Олжас Бектенов шағын өндірістік парктердің жұмысымен танысты. Бұл нысандар шағын және орта бизнесті қолдау қамында іске асырылған. Сондай-ақ, үкімет басшысы Алматыдағы көлік құрастыру зауытына соқты. Өндіріс ошағын кеңейту және жаңғырту жұмыстарына инвесторлар есебінен 16 млрд теңгеден астам қаржы салынған.  

 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

 

- Қазақстандық автоөндіріс саласы одан әрі дамитын болады. Біз үкімет өз тарапымыздан бизнесті барынша қолдаймыз. Мен сіздердің өздеріңіздің осы бағытта дамуға, түрлі өндірістерді оқшауландыруды арттыруға деген ұмтылыстарыңыз бар екенін көріп отырмын. Біз қуатты автомобиль державасына айналуымыз керек.  

Қазір Алматыда барлығы 11 шағын өнеркәсіп паркі жұмыс істейді. Олардың жалпы инвестициялық құны 3,6 млрд теңгені құрайды. 2026-шы жылға дейін қосымша тағы 26 жоба жүзеге асырылмақ.