Қазақстан қалаларын тиімді дамыту үшін облыс орталықтарында Қала құрылысы кеңселері ашылады. Оның құрамы саланың білікті мамандарынан жасақталмақ. Мысалы, Алматыда кеңсе 1 тамыздан бастап өз жұмысын бастайды. Бұл туралы ОКҚ өткен брифинг барысында Қазақстан сәулетшілер одағының президенті Серік Сұлтанғали хабарлады. Оның айтуынша, Республиканың сәулет-құрылыс саласындағы олқылықтарды әкімдіктер жанынан құрылған кеңсе арқылы реттеуге болады. Алматы қаласының құрылысы сауатты жоспарланбағанның кесірінен инфрақұрылымына зиян келіп отырғанын мысалға келтірді. «Нығыздаушы құрылыс» желеуімен скверлер, тұрақтар сүріліп кетті. Сәулетшілер осы сияқты тәуелсіздіктің отыз жылында отандық архитектура саласында қордаланған мәселелерді тізіп, Президентке жолдаған.
Серік Сұлтанғали, Қазақстан сәулетшілер одағының президенті:
– Алматыда Қала құрылысының кеңсесі бар. Енді басқа облыстарда да оның жұмысын бастауды іске асырамыз. Әсіресе мәселесі көп Қызылорда, Шымкент, Тараз, Петропавл және Павлодар қалаларында. Бұл кеңсеге ең бастысы Қазақстан сәулетшілер одағының мүшелері міндетті түрде қатысатын болады.