Жаңазеландиялық сумо күресінің шебері Чико Пембертон қазақ күресімен де әуестеніп, халқымыздың ұлттық спорт түрін жақсы меңгеріп алған. «Әлем барысының» бозкілемінде белдесу үшін осымен 4 жыл қатарынан 14 мың шақырымды бағындырып жүр. Жыл сайын ең ауыр салмақ дәрежесінде бабын сынайды. Түйе палуанның салмағы – 175 кг.
Чико Реремоана Пембертон, Жаңа Зеландия тұрғыны:
- Бұл спорт түрін мен өзім үшін жақында аштым. Қазақ күресінің халықаралық федерациясының өкілдері мені Жаңа Зеландияның атынан жарысқа қатысуға шақырды. Ұсыныс бірден қызықтырды. Бұл мен әуестенетін спорт түрінен қатты ерекшеленеді. Өз ережелері мен амал- тәсілдері бар. Қазір біртіндеп үйреніп жүрмін. Қазақстан құрамасы өте тәжірибелі. Қарсыластарым әлдеқайда жеңіл болғанымен, айлаларын асырып түсіреді.
Шетел азаматы ұлттық спорт түрімен қатар елдің өзі баурап алғанын айтады. Әсіресе жергілікті халықтың қонақжайлығына тәнті. Чико Пембертон Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын аралап ұлттық тағамдардан дәм татып қазақтың салт-дәстүрлерімен танысқан. Енді тілді меңгеруге ден қойғанын айтады.
Чико Реремоана Пембертон, Жаңа Зеландия тұрғыны:
- Маған бәрі ұнады. Табиғаты әсем, адамдары ақжарқын ел. Мұндағы адамдармен танысқаныма қуаныштымын. Келген сайын жылқы етінен дәм татпай кетпеймін. Өте дәмді. Мен талай елде болдым, алайда мұндай қонақжайлықты әлі кезіктірмеппін. Бәрін бірден аралап шығуға уақыт жетпейді. Әлі талай келіп көретінім көп деп ойлаймын.
Чико Пембертон Жаңа Зеландияның маңындағы Кука аралдарында тұрады. Негізінен реслинг және сумо күрес түрлерімен әуестенеді. Енді олардың қатарына қазақ күресі қосылып отыр.
«Алдағы мақсатым – қазақтың ұлттық спортының қыр-сырын меңгеріп, Қазақстанға жиірек келу», – дейді шетелдік палуан.