Көркем өнердің қайнар көзі. Қазақстанда бейнелеу өнері қалай қалыптасты? Бұл сауалға отандық суретшілер өздерінің жаңа көрмесінде жауап беруге тырысты. Еліміздің Ұлттық мұражайында Графика және мүсіндер залы ашылды. Енді тұрақты негізде жұмыс істейтін жаңа алаңда жергілікті қылқалам шеберлері жеке таңдамалы туындыларын ұсынады. Тақырыптық аясы кең. Бір алаңда қайталанбас өнердің елімізде етек жая бастаған кезден бастап бүгінгі заманауи еңбектер қамтылған. Мұнда кеңге танымал Евгений Сидоркин, Асгат Диникеев, Үкі Әжиев сынды өз ісінің хас шеберлерінің жұмыстарын тамашалауға болады. Экспозицияны құруға Ұлттық мұражай қорында сақтаулы тұрған бірегей түпнұсқалы үлгілер негіз болғанын атап өткен жөн. Әрбірі өз мәнерінде орындалған. Ерекше дүниелер қазақстандық бейнелеу өнерінің тарихынан сыр шертіп қана қоймай, олардың жасалу әдісі және қолданылған материалдарына қатысты жан-жақты мәлімет беріп, терең үңіліп танысуға мүмкіндік береді.
Шоқан Төлеш, мүсінші, өнер академиясының академигі:
- Бұл – біз көптен күткен көрме. Алғаш рет Графика және мүсіндер залы ашылды. Графика – тамыры терең тартқан өнердің көне түрі. Ежелден бері петроглифтер, тасқа қашалған суреттер болғаны баршаға мәлім. Бізде графика мәнерінде жұмыс жасайтын кәсіпқой суретшілеріміз көп. Бұл бағытта талай көркем туындылар дүниеге келді. Жас дарындылар да жетіліп келеді. Олар осында келіп, аға буын өкілдерінің жұмыстарынан қанаттанып, тәжірибелерін шыңдай алады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов