Күрестен Әлем чемпионы Р.Айтмұхан енді олемпиада жүлдесінен дәмелі

«Ендігі мақсат олимпиада ойындарының жүлдесі»! Қазақстан тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы - Ризабек Айтмұхан біздің арнамызға берген сұхбатында осындай өршіл жоспарымен бөлісті. Еске сала кетейік, жақында Белградтағы жарыста жауырыны жерге тимеген палуан 92 келі салмақта әлемдік доданың алтын алқасын қанжығасына басты. Десе де бұл тарихи жеңісі Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік бермейді. Себебі дәл осы салмақ төрткіл дүние тартысының бағдарламасына кірмейді. Айта кетейік, Ризабек – биыл еліміздің ғана емес, әлемдік күрес майталмандарының жоғары бағасын алған боз кілем шебері. Осы жылы Қазақстанның жазғы Спартакиадасында жеңімпаз атанды. Кейін Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Мақсатына жету үшін бұл жеңісті жолдарын басқа олимпиадалық салмақта қайта өтуі керек.

Ризабек Айтмұхан, Еркін күрестен Әлем чемпионы:
-
Әлем чемпионы атанған кезде ол жақтағы сезім басқа. Бірақ өзімнің еліме қайтқан кездегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Тарихи жеңіс қой. 32 жыл болмаған жеңіс. Келесі жоспарымыз олимпиадалық салмаққа өтіп, олимпиада ойындарына жолдама алу.  Бұл жолдаманы алу оңай емес.  Оны алу үшін ең біріншіден, Қазақстан чемпионы болу керек. Бұл жарысқа да мен әрине қатысамын. Бар күшімді саламын. Келесі жарысымыз олимпиада ойындарына жолдама ойнатылатын Азия чемпионатында ақтық белдесуге шығу керек болады.