Қайта өңделген пластиктің үлесін 2030 жылға қарай 40% жеткізу. Отандық қалдықтарды басқару жөніндегі қауымдастық осындай міндет қойып отыр. Алайда қазіргі көрсеткіш 22% әрең жетеді. Елордада сала мамандары жоғарыда аталған нәтижеге қалай қол жеткізуге болатынына қатысты, сонымен қатар Қазақстанда циркулярлық экономиканың дамуына не кедергі деген сұрақтарға жауап табу мақсатында конференцияда бас қосты. Олар «пластик қалдықтары секторында дамудың жаңа мүмкіндіктері қандай және өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелер жүйесін реформалау нені білдіреді» деген сұрақтарды да кеңінен талқылады. Қазіргі таңда республикада полимерлерді жинаумен және өңдеумен айналысатын ондаған кәсіпорын бар. Жыл сайын әлемде 2 млрд тоннаға дейін тұрмыстық қалдықтар жиналады. Бұл – тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін үлкен проблема. «Оны шешудің бірден бір жолы – циркулярлық экономика», – дейді сарапшылар.
Шынболат Байқұлов, «KazWaste» қалдықтарды басқару Қазақстан ассоциациясының басқарма төрағасы:
- Пластикті қайта өңдеу керектігі туралы бүкіл әлем, барлық экологиялық ұйым дабыл қағуда. Өйткені пластик полиэтилен, полипропиленнен тұрады. Оның ішіне полимерлердің бірнеше түрі кіреді. Әрқайсысы үшін қайта өңдеудің өз үлесі бар. Бірақ ең қиыны – жинау. Желтоқсан айынан бастап бізде контейнерлік жинау енгізілді. Азаматтардан өтінеріміз, қоқысты бөліп тастауды ұмытпаңыздар!
Авторы: Ақзер Сегізбай