«Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» Халықаралық жобасы қорытындыланды

«Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» Халықаралық жобасы қорытындыланды

Тиімділік басты назарда. Қазақстанда соңғы 7 жылда энергия тиімділігі 30 процентке дейін артты. 2015 жылы қолға алынған бағдарламаның нәтижесі осындай. Жоба аясында республиканың барлық облыстары мен қалаларында 96 әлеуметтік нысан электр энергиясын үнемдейтін құрылғылармен жабдықталған. Бағдарламаның экономиканың сабақтас салаларына тигізген оң әсері де жетерлік, дейді мамандар.

Бауыржан Смағұлов, «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ Басқарма Төрағасы:

– Аталған жобаның мультипликативті әсерін көріп отырмыз. Бірінші кезекте, қазақстандық құрам артты. Жобаны іске асыруда пайдаланылған отандық құралдар мен құрылыс материалдарының үлесі шамамен 85 процентке тең. 2000 жаңа жұмыс орны ашылды. Инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Дүниежүзілік банк жобаны кеңейту қажет деген қорытындыға келіп отыр. Өйткені жылуды тұтыну жағынан жаңғыртудан өтуді қажет ететін әлеуметтік нысандар көп.

Жобаның оң әсері туралы Парламент депутаттары да айтты. Күні кеше сенаторлар елімізде энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданған еді.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

– Электр энергиясының 30 процентке аз пайдалнылғаны бюджет қаражаты 30 процентке үнемделгенін білдіреді. Аталған жобаның нәтижелері мемлекет қаржысын қаншалықты үнемдеуге мүмкіндік барын көрсетіп отыр. Республикада өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемінің 30 процентін тұтынатын 900 ірі кәсіпорын бар. Болашақта солардың электр қуатын тұтынуда қаншалықты үнемшілдікке қол жеткізуге болатынын анықтайтын арнайы қызметкерлер болады. Яғни, олар энергия аудитімен айналысады. Сөйтіп, кәсіпорынның қаржысын үнемдеп қана қоймай, сонымен қатар экологияға тигізетін теріс әсерін де азайтады.

Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Дүниежүзілік банктің ортақ жобасына жалпы 22 млн долларға жуық қаражат жұмсалған.

 

Авторы: Ақзер Сегізбай