Жер бетіндегі ең алғашқы алма ағаштары Қазақстан аумағында пайда болды. Елімізді алманың отаны деп санайтын әлем ғалымдарының осыған қатысты дәйекті деректері жетерлік. Неміс режиссері Антье Маевски осы бір дүниежүзіне тараған дақылдың түп атасына баланған қазақстандық жабайы Сиверс алмасына фильм арнаған. Мақсатын іске асыру үшін ол жер жаһанды аралап шыққан. Әрине туындының негізгі бөлігі Қазақстанда түсірілді. Автор бұл өңірде Адам мен Хауананың жұмақ бағы орналасқанына сенімді.
Антье Маевски, режиссер:
- Менің фильмім алманың тарихына, оның алғаш бүр жарған жері Қазақстанға арналған. Жер бетінде тараған алмалардың генетикалық қайнар көзі саналатын Сиверс алмаларының жабайы ағаштары Қазақстанның тау бөктерлерінде өседі. Мен оның жетіліп, жеміске айналып әлем бойынша тарауының тарихын зерттеп жүрмін.
Картинаның авторы барша алма тұқымдастар атасының алғаш пайда болуы мен бағбан шаруашылығындағы маңызы мен алар орны жайында ғана емес, сондай-ақ жаппай өндірістің кесірінен туындаған мәселелердің басын қайыруға тырысады. «Сонау динозаврлар заманынан тамыр жайған өсімдік заманауи селекциялық жұмыстардың салдарынан құрамы өзгеріп, тұқымы азайып барады. Оны сақтауды қолға алмасақ жер бетінен мүлдем жойылып кету қаупі зор», – дейді ол.
Серік Садықов, Қазақстанның жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ директоры:
- Николай Иванович Вавилов жасаған экспедиция кезінде бізде 50 мың гектарға тарта алма ағаштары тіркелген болса, бүгінде оның тек 10% сақталған, яғни 5 мың гектары ғана. Бұл - өз шешімін күттірмейтін күрделі мәселе. Бұл біздің ғана емес жалпы жаһандық деңгейдегі мәселе десем артық айтпаймын.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстан аумағында жабайы Сиверс алмасының 12 тәлімбағы жұмыс істейді. Алма бақтарын тегістей аралап шыққан неміс режиссері әрбір ағаштың бір бірінен сырттай айырмашылығы бар екенін айтады. Тіл үйірер дәмі де өзгешеленіп тұрады. Жұпар иісі ешбір дақылға ұқсамайды дейді.
Антье Маевски, режиссер:
- Мен көп материал жинадым, бәрін бірдей қолдана алмадым. Ең маңыздысын іріктеп монтаждау жұмысына бір жылдан астам уақыт кетті. Қазақстан жерінде түсірген кадрларды барынша кірістірдім. Себебі олар фильмнің негізін қалады. Менің жүрегімді, жан-тәнімді тебіренткен түсірілімдер де осы жерде жасалды. Қазақстанға жасаған саяхатым таңғажайып болды. Үлкен әсерге бөлендім. Егер сіз өмір бойы жеп жүрген жемістің тарихын білмей, оның пайда болған жерінен құлағдар болмасаңыз, бұл адамдардың көбі қайнар көзін қайдан алатынын білмейтін, қайда құятынын түсінбейтін өзенге кіргенмен тең.
«Алмалар бостандығы» кинотуындысының тұсаукесер көрсетілімі Алматы қаласында өтті. Сондай-ақ «Аймақ Жанғалиев – алма атасы» атты деректі фильм көрерменге жол тартты. Бұл картина өмірін алманың тарихын зерттеуге арнаған атақты қазақстандық ғалым жайында сыр шертеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов