Қазақстанда отбасы мәселесі жөніндегі сенім телефоны қосылды

Қазақстанда отбасы мәселесі жөніндегі сенім телефоны қосылды

Қазақстанда отбасы, әйелдер және балалар мәселелері жөніндегі сенім телефоны іске қосылды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – Тамар Дүйсенова мәлім етті. 111-Аманат бірыңғай мемлекеттік байланыс нөміріне тәулік бойы қалалық номерлер мен ұялы телефоннан да тегін хабарласуға болады. Одан бөлек, азаматтарға хабарлама мәтінмен де кеңес беру қарастырылған. Қиын жағдайға ұшыраған қазақстандықтарға көмек көрсету мақсатында білікті психологтар мен заңгерлер тартылған. Қандай жағдай болса да, жекеленген әр адамның жағдайы зерттеліп, тиісті мемлекеттік органмен байланыс және міндетті кері байланыс орнатылады. Үкімет хабарлағандай, бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызмет тізбегіндегі 101, 102, 103 секілді нөмірлер қатарына енгізіледі. Бұл өз кезегінде, азаматтарға құқықтық, психологиялық кеңестерді дер кезінде көрсетіп, азаматтар тарапынан оқыс жағдайларға ұшырауын немесе заң бұзуының алдын алады.