Қазақстан 18 жыл бұрын ұсынған діндер арасындағы диалог моделі әлемдік деңгейде маңыздылығын сақтап келеді. Идея дәйектілігі мен өнімділігі уақытпен дәлелденген. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХІХ отырысында Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Гаджи Аллахшүкір Пашазаде мәлімдеді. Конфессияаралық және мәдениетаралық диалогтың маңызы, рухани-адамгершілік құндылықтар, пандемиядан кейінгі әлемдегі тұрақтылық мәселелері келесі жылы елордада өтетін 7-ші съездің басты тақырыптарына айналмақ.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт аралығында Қазақстан өзінің бейбітшілік, жалпы ұлттық бірлік және конфессияаралық диалог моделін құрды. Оған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болды. Бұл модельдің тиімділігін бәріміз көріп отырмыз. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасын тауып отыр. Сол себепті хатшылық пен съезд біз үшін имидждік шара емес. Бұл басқосу Қазақстанның даму бағытын айқын көрсетеді.