Қазақстанда бизнесті тексеруге мораторий 2024 жылға дейін ұзартылуы мүмкін

Қазақстанда кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторийді 2024 жылға дейін ұзарту жоспарланып отыр. Президент Жарлығының тиісті жобасына түзетулерді Ұлттық экономика министрлігі дайындаған. Ведомствоның мәліметіне сәйкес, мораторий тек шағын және микробизнес субъектілеріне қатысты болады. Құжатқа сай кәсіпкерлерге орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар 2023 жылдың соңына дейін бақылау жүргізбейді. Алайда, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты тексерулер жүргізіледі, деп атап өтті министрлік.

Эрик Жамбылов, ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры:

– Мораторий 2020 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істеп келеді. Жарлықтың жобасында бірқатар ерекшеліктер қарастырылған, олардың саны шамамен 12. Бұған дейінгі мораториймен салыстырған, әрине, саны қысқарды. Жарлықтың осы түрінде жаппай қауіп-қатерге байланысты тексерулер алынып тасталды.

Мораторийді ұзарту бұл шағын бизнеске жүктемені азайтуға бағытталған шаралардың бір бөлігі. Министрлік, Президенттің «таза парақтан бастау» реформасын жүзеге асыруда кәсіпкерлік қызметте мүлдем жаңа реттеу саясатын қалыптастыру жүргізілетінін айтты. Бұл ретте, бизнеске қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалау автоматтандырылады.

Эрик Жамбылов, ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры:

– Қазіргі таңда бизнеске түсетін сжауапкершілікті арттыру бойынша жұмысты қадағалайтын реттеу мекемелерінің жұмысын қайта қарау бойынша шаралар жүргізілуде. Ол 2022-2023 жылдарға жоспарланған. Сонымен қатар, осы уақыт ішінде бақылау жүйелері автоматтандырылады, яғни жоспарлы тексерулер, профилактикалық бақылау адамның қатысуынсыз жүзеге асырылады.