Қазақстанда пайдалы қазбаларды табу мақсатында барлануы қиын, яғни көрінбейтін кен орындары зерттелуде. Еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше олар жүздеген, тіпті, мыңдаған метр тереңдікте орналасқан. Оларды анықтау үшін жаңа әдістер қолданылуда.
Атап айтсақ, ең алдымен әр аймақ бойынша ауытқуларды анықтау мен спектрлік талдау әдістерін қолдана отырып, Жерді қашықтан зондтау жүргізіледі. Сонымен қатар, аймақтарда аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізу арқылы көрінбейтін жерлерді анықтау жоспарлануда.
Мәселен, биыл Солтүстік Балқаш және Қалба-Нарым кен аймағының аумағында барлау жұмыстары басталады. Келесі кезеңде сынамаларды іріктеу және зертханалық талдау жасалмақ.
Айта кетейік, былтыр елімізде пайдалы қазбалар болуы мүмкін деген 60 аймақ анықталды. Болжам бойынша ондағы қазба құны 300 млрд долларға жуықтайды.
Жалпы, Қазақстан аумағында 2 млн шаршы шақырым жерде геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді.