Қазақстан мен Ауғанстан өзара тауар айналымын 3 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Ауғанстан өзара тауар айналымын 3 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті

Қазақстан мен Ауғанстанның сауда саласында ынтымақтастықты дамытуға әлеуеті жеткілікті. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумында айтылды. Іскерлік байланысты бекемдей түсу үшін 170 компания өкілі арнайы атбасын бұрды.

Айта кету керек, соңғы кездері екі елдің алыс-берісі қарқын алып келеді. Тараптар биыл 8 айда 330 млн-нан астам долларға сауда жасасқан. Оның дені қазақстандық экспортқа тиесілі. Ауғанстанға экспорт ұн, күнбағыс майы, табиғи газ және тыңайтқыштарды қосқанда 316 млн доллардан асты. Ал импорт ауқымы 14 миллион доллардан жоғары болды. Болашақта екі ел өзара тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізуге мүдделі. Жалпы іскерлік кездесу аясында  құны 50 млн доллардан асатын сомаға сауда келісімдері жасалды.  

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Халық саны 40 миллионды құрайтын Ауғанстан нарығы біз үшін тартымды. Осыған байланысты біз ауған іскерлік өкілдерімен бас қосып, тауар айналымын арттыруға кедергі келтіретін мәселелерді талқыладық, алыс-берістегі негізгі өнім, әрине – бидай мен ұн экспорты. Бұдан өзге тауарлардың да саудасын арттыру қажет. 

Нұриддин Азизи, Ауғанстанның Сауда және индустрия министрі: 

– Жалпы Қазақстанмен экономика және сауда ынтымақтастығымыз жылдан жылға артып келеді. Біз Астанада ауған тауарларының сауда дүкенін ашамыз. Тұрақты көрме жасауды да қолға аламыз. Қазақстан тарапынан Герат қаласында сауда үйі ашылды. Мен инвесторларыңызды Ауғанстанға шақырамын. Бізде пайдалы қазбаларды өндіру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету саласында үлкен мүмкіндіктер бар.

Форумда логистика мәселесіне баса назар аударылды. Тараптар Қытай – Қазақстан – Ауғанстан маршруты бойынша логистикалық хаб құру мүмкіндігін қарастырды. Қазіргі кезде Ауғанстан өз тауарларын Пәкістан мен Иран арқылы алып жатыр. Жаңа хаб құру екі тарапқа да қолайлы дейді ауған өкілдері. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?