Жаһандық жылынудың салдары. Су тапшылығы, оған қоса құрғақшылық әлемге COVID-19 індетінен келген зардаптан да асып түсуі мүмкін. БҰҰ-ның сарапшылары осындай болжам жасап отыр. Бұл ретте олардың келтірген деректеріне сәйкес, ғаламдық температураның көтерілуі жағдайды ушықтыра түсуде. Бұл әлемдік проблема Қазақстанды да айналып өтпеді. Соңғы жылдары климаттың өзгеруіне байланысты 1 айда жаууы тиіс жауын-шашын мөлшері 2 күнде түседі. Ауа райының бұлай өзгеруі әдетте ел экономикасының барлық саласына, оның ішінде ауыл шаруашылығына кесірін тигізеді.
Лаура Маликова, Тәжірибелі экологтар қауымдастығының басқарма төрайымы:
- Қазіргі таңда Қазақстанда ауылшаруашылық, жайылым жерлерінің 20% жарамсыз. БҰҰ өкілдері құрғақшылық келесі пандемияға айналуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Бұл, әрине, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығына, агроөнеркәсіптік кешенге қауіп төндіреді.
БҰҰ есебіне сәйкес, құрғақшылық соңғы 20 жылдан аз уақыт ішінде кем дегенде 124 млрд долларға тең келер экономикалық шығын әкелген. Бұл ретте 1,5 млрд-тан астам адам зардап шекті. Қазақстандық метеорологтар да көңіл көншітпейтін болжам жасауда. Еліміздің бірнеше аймағында осы ай бойы қатты ыстық түсіп, ол құрғақшылыққа алып келуі мүмкін.
Ерболат Мұқанов, «Қазгидромет» РМК басқарма басшысы:
- Болжамдарға сәйкес, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау облыстарының кейбір аудандарында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында қуаңшылық күтілуде. Негізі биыл температура жоғары, жауын-шашын аз болады.
Жалпы мұндай қиын жағдайдан шығудың жолы бар. Алайда отандық экологтар: «Мәселенің шешімін табу үшін қазірден әрекет ету керек», – дейді.
Лаура Маликова, Тәжірибелі экологтар қауымдастығының басқарма төрайымы:
- Біз ірі және ұсақ мал үшін жайылым жерлерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету керекпіз. Ол үшін белгілі бір нормаларды сақтау қажет. Сондай-ақ регенеративті ауыл шаруашылығына көшу керекпіз. Бұл үшін қандай да бір экологиялық шараларға сүйену аз. Жер пайдалану, жер телімдерін иелену жоспарында өзгерістер қажет.
БҰҰ-ның деректері бойынша алдағы жүз жылда Африка, Орталық және Оңтүстік Америка, Орталық Азия, Аустралияның оңтүстігінде, Еуропа, Мексика және АҚШ-тың көптеген аймағында қатты құрғақшылық күтіледі. Сондықтан сарапшылар әлем жұртшылығын жаһандық жылыну салдарына көбірек назар аударуға шақырады.
Авторы: Ақзер Сегізбай